ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ҚАРТТАРҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

//ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ҚАРТТАРҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

Қазір заман дамыған сайын түрлі жаңа технологиялар өмірімізге еніп жатыр. Әрине, оның бәрі қажеттіліктен туындайды. Қазір технология көп. Ноу-хаудың бәрін бірдей танып, пайдалану қиын, әлбетте. Дегенмен солардың арасында ерекшелері көзге түсіп, назарға ілігеді. Цифрландыру процесі жаппай жүріп жатқан Қазақстанда әрбір жаңашылдықты қуана қабыл алып жатқанымыз рас. Соның бірі һәм бірегейі – «Зорлық-зомбылықсыз өмір» жобасы.

Бұл жоба отбасында зәбір көріп жүрген әйелдерге мемлекеттік органдардың араласуымен және ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы тәулік бойы көмек беруді қарастырады. Жобаны «Линия жизни 24» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатыр. Шараға еліміздің Бас прокуратурасынан бастап Ішкі істер министрлігі, «Қазақстан кризис орталығы одағы», RGL ЖШС, KT Cloud Lab ЖШС, «Акцент Микросистемс» ЖШС-да атсалысуда. Сондай-ақ жобаға үлес қосқандардың қатарында Қазақстандағы АҚШ елшілігі де бар.
Дабыл түймесі арқылы жұмыс жасайтын жүйе бүгінгі күнде тек Алматы қаласында ғана пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Осы арада отбасындағы озбырлық әйелдерге ғана қатысты емес, кәмелетке толмаған балалар, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да қатысты екенін атап өткен жөн.
Бұл бастаманың бір артықшылығы – өз жақындарынан зәбір көрушілердің қауіпсіздігі үшін заманауи технологиялардың жүйесін енгізу, жедел көмек қызметінің оперативті әрекеті мен қорғау амалдарын қадағалау. 2017-2018 жылға арналған жоспар бойынша Алматы қаласының 8 ауданынан отбасында түрлі деңгейде зәбір көріп жүрген 400 әйел адамды жобаға қосу қарастырылған. Ең бастысы, отбасындағы озбырлыққа негізделген қауіпсіздік жүйесі мен жедел көмек қылмыстың қайталануын 50 пайызға төмендетеді деп күтілуде.
Дабыл түймесі – кәмелет жасқа толмаған балаларға, әйелдерге және басқа да тұрмыстық жәбір көруі мүмкін топтарға арналған жедел көмек көрсету жүйесі. Сонымен қатар шұғыл түрде әрекет жасап, дереу көмек шақыратын қызмет түрі. Тәулік бойы жұмыс істейді.
Мобильді немесе стационарлы құралдар өзіне орнатылған SOS түймесі арқылы белгі береді. Бұл құралдарды пайдаланып, көмек көрсету орталығына тікелей шығуға болады. Ол үшін жедел көмек шақыруға арналған SOS дабыл түймесін басу керек. Оператор қауіп пен қатердің деңгейін анықтағаннан кейін жағдайға байланысты шұғыл көмек көрсететін топты шақырады. Туыс пен жақын адамдарды, оқиғаға қатысты тұлғаларды да хабардар етіп, көмек көрсетудің сапасын бақылап отырады.

Мейіржан МҰҚАШ

«Айқын» басылымы

By |2018-07-26T08:27:24+00:00Июль 26th, 2018|Uncategorized|0 Comments

Leave A Comment